ПЕТРОПАВЛ, 3 тамыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров шошқа фермасында қаза тапқан жұмысшыларды жерлеуді ұйымдастыруды және олардың кредитін өтеп беруді аудан әкімі мен кәсіпорын басшылығына тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз марқұмдардың туыстарымен кездесіп, оларды жұбатуымыз керек. Аудан әкімдігі кәсіпорынмен бірге жерлеу рәсіміне қажетті шараларды ұйымдастырады. Кәсіпорын барлық шығынды өз мойнына алуы керек, содан кейін отбасына көмектесуі керек. Марқұмдардың кредит мәселесін шешуге көмектесу керек", - деп атап өтті Сапаров.
Сонымен қатар EMC Agro кәсіпорнының баспасөз қызметі облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылғанын, оның құрамына компания өкілдері де кіргенін хабарлады.
"Тергеу жүріп жатыр. Компанияның басшылығы мен қызметкерлері тергеуге толық көмек көрсетеді. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен EMC Agro басшылығы қаза тапқандардың отбасына барды. Біздің компания осы отбасылардың мүшелерімен үнемі байланыста", - деп сендірді кәсіпорын.
Компания тарапынан зардап шеккен қызметкерлердің отбасына барлық ықтимал қолдау, оның ішінде психологиялық, әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі, деп толықтырды компания. Барлық қызметкер арнайы киіммен және басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілгенін, сондай-ақ олар міндетті түрде қауіпсіздік бойынша тиісті оқытудан өтетінін атап өтті.
"Сонымен қатар кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқамалар үнемі өткізіліп тұрады. Кәсіпорындағы жазатайым оқиғаның себептері анықталып жатыр. Қорытынды тергеу аяқталғаннан кейін жасалады", - деп түйіндеді EMC Agro баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 1 тамызда 23 сағат 25 минутта облыстың Тайынша ауданының полиция бөліміне Новоивановка ауылының шошқа кешенінен ауысым аяқталғаннан кейін төрт жұмысшы шықпағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Іздеу шаралары барысында шошқа кешенінің құдық түбінде жұмысшылардың денесі табылды. 1966, 1991, 1995 және 2000 жылдары туған жұмысшылар тазарту қондырғысын жөндеу кезінде кезінде қайтыс болды.