Алматылық балалар дәрігерлері Италия мамандарымен бірге 11 балаға ота жасады

Sputnik
АЛМАТЫ, 3 тамыз – Sputnik. Алматыда Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері Италиядан келген кардиохирургтармен бірлесіп 11 баланың жүрегіне ота жасады, деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.
Оның ішінде 5 операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жүргізілді.
"Ең кішкентай науқас 26 күн, ал ең үлкені 8 жаста болды. Олардың ішінде бір жаңа туған нәресте ауыр жағдайға тап болды, дәрігерлер алғаш рет жүрек ақауын анықтады. Қазіргі уақытта операциядан кейін науқастың жағдайы тұрақты-қанағаттанарлық", - дейді балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Геннадий Нигай.
Тағы бір күрделі операция Алматы облысынан келген 2 жасар қызға жасалды. Ол трикуспидті жеткіліксіздікпен бірге жүретін туа біткен жүрек ақауынан зардап шеккен.
"Бала қатты шаршайды, әлсіз. ЖРВИ-мен жиі ауыратын. Тұрақты негізде тексерілуге мүмкіндік болмады, өйткені біз облыс аумағында тұрамыз", - дейді бүлдіршіннің әжесі.
Алматылық балалар дәрігерлері италья мамандарымен бірге 11 балаға ота жасады
Жергілікті кардиохирургтар қызға екінші операцияны Италиядан келген мамандармен бірге жасады. Операция МӘМС аясында тегін жүргізілді.
"Бұл 4 сағатқа созылған күрделі операциялардың бірі болды. Қызда жүрек ақауынан басқа бірнеше басқа аурулар болған. Біз трикуспидті қақпақшаны пластиктеу және жүрек-өкпеде жасанды қан айналымы арқылы стенозды жою үшін операция жасадық", - дейді Геннадий Нигай.
Жергілікті кардиохирургтар тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен жүректі бейнелеудің озық технологияларымен жеке танысуға және операциялық емдеудің әртүрлі әдістерін үйренуге мүмкіндік алды.