АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Алматыда болған фитнес жаттықтырушы өліміне қатысы бар күдікті Бішкекте ұсталды. Бұл туралы Қырғыз Республикасының ішкі істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды "Кабар" агенттігі.
Бішкектегі жекеменшік қонақүйлердің бірінен 1992 жылы туған "А.Б."есімді күдікті ұсталды. Оған Қазақстанның құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Топтық кісі өлтіру" бойынша іздеу жариялаған.
Алынған ақпаратқа сәйкес, күдікті өз әрекеті үшін қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында шекараны заңсыз кесіп өтіп, Бішкек қаласының аумағында жасырынған.
" Қазақстандық әріптестер Қырғыз Республикасы ішкі істер министрлігінің қылмыстық іздестіру бас басқармасына тергеу органдарынан жасырынып жүрген адамды іздестіру және ұстауға көмектесу туралы өтінішпен жүгінген болатын", - делінген хабарламада.
Күдіктінің танымал клубтың 28 жастағы фитнес жаттықтырушысын атып өлтіруге қатысы бар екені анықталды.
Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция бөлімі 31 жастағы күдіктіге іздеу жариялап, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты сырттай қамауға алуға санкция шығарған.
Күдіктінің бұған дейін де ауыр қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ұсталған Қазақстан азаматы уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Еске салсақ, 19 шілде күні Алматыда фитнес жаттықтырушысы Дамир Төребаевты өз пәтерінде атып кеткен.