АСТАНА, 1 тамыз - Sputnik. Ақмола облысында талапқа сай емес балалар лагерлері анықталды, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
Ақмола облысының прокуратурасы балалар сауықтыру лагерьлерін тексеріп жатыр.
Санитарлық-эпидемиологиялық заңнама, өрт қауіпсіздігі, еңбек, білім беру, медициналық заңнама талаптары бұзылған сауықтыру орталықтары анықталды.
"Лагерьлердің бірінде 21 қызметкердің 18-і еңбек шарттарынсыз және санитарлық кітапшаларынсыз жұмыс істеген. 100 баланың орнына 170 бала демалған", - деп атап өтті ведомство.
Балалардың демалыс орнының маңы да санитарлық талаптарға сай болмаған.
"Лагерьдің аумақтары мен үй-жайларын тексеру кезінде спирттік ішімдіктердің бос бөтелкелері, темекі бумалары, құрамында спирті бар сусындарды өндіруге арналған аппарат табылды. Пневматикалық қару, балалар лагерінің ас үй аймағында сақталған тышқанның уы және басқа да тыйым салынған заттар табылды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Кейбір лагерь әкімшілігі балаларды тиісті құтқарушылардың сүйемелдеуінсіз жаппай шомылу орындарына апарған.
Тексеру жалғасып жатыр, ал нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.