АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Астана қаласында және Ақмола облысында синтетикалық есірткі жасалатын екі жасырын зертхана анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
17-24 шілде аралығында прокуратура органдарының үйлестіруімен синтетикалық есірткінің екі ірі жасырын өндірісі табылды. Арнайы операцияға ұлттық ұлан да тартылды.
"Заңсыз айналымнан 29 келіден аса "мефедрон" психотроптық заттары, бір тоннадан аса прекурсорлар, сонымен қатар есірткі өндіруге арналған химиялық реагенттер мен арнайы зертханалық құрылғылар тәркіленді", - делінген ресми хабарламада.
Тәркіленген есірткінің "қара нарықтағы" бағасы 580 млн теңгеден асады. Ұсталған 4 адам қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-тармағы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.