АЛМАТЫ, 31 шілде – Sputnik. Есірткіге қатысты талапты бұзған 41 медицина қызметкері жазаланды, деп хабарлады Polisia.kz.
"Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасының 5 күнінде есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзған 28 дерек және 193 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
"193 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 41 адам медицина қызметкері. 8,8 мың таблетка мен 7,4 мың ампула есірткі, 28 мың таблетка және 8,2 мың ампула психотроптық заттар тәркіленді", - дейді ведомство.
Шамамен 3,2 мың тонна прекурсорлар мен 459 тонна улы заттардың айналымы шектелген. "Дәрмек" іс-шарасы бүкіл республика көлемінде бір мезгілде өтіп, медициналық мекемелер, дәріханалар, қоймалар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және басқа да объектілерді қамтыған.