АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Халықаралық құқық тұрғысынан Талибан* террористік ұйымға жатпайды. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумаш Астанада өтетін Қазақстан-Ауғанстан форумына арналған брифингте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұйым Қазақстанда және тағы бірқатар мемлекетте террористік ұйымдардың тізіміне кіретіндіктен, журналистер форумға келетін ауған бизнесмендеріне, сондай-ақ осы елдің билігі – Талибанға қандай шектеу бар екенін сұрады.
"Халықаралық құқыққа сәйкес, "Талибан" ұйымы террористік ұйым емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің санкциялық ережесі (1988-ші комитет) бар. Сол комитеттің санкциялық тізіміне 135 адам енгізілген, оған осы ұйымның мүшелері және онымен байланысы бар тұлғалар кіреді. Бірақ "Талибанның" өзі БҰҰ-ның санкциялық тізімінде жоқ", - деп түсіндірді Тумаш.
Оның сөзіне қарағанда, 1267-ші комитеттің де санкциялық тізімі жасалған. Ол комитеттің жұмысына Қазақстан қатысқан.
"Жаңағы 135 адам БҰҰ-ның санкциялық тізіміне енгізілсе де, террорист болып саналмайды. Олар – санкция салынған тұлғалар. Біріншіден, жүріп-тұруына шектеу қойылады. Екіншіден, активтері бұғатталады. Үшіншіден, қару-жарақ эмбаргосы. Сосын АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде "Талибан" қозғалысы ұлттық террористік ұйымға жатпайды. Соның арқасында олар Талибанмен сан алуан деңгейде байланыс ұстап отырады", - деп атап өтті Тумаш.
Ал Астанадағы іскерлік форумға келетін ауғанстандықтар бірде-бір санкциялық тізімге кірмейді. Олардың бәрі – Ауғанстанның кәсіпкерлері.
"Сондықтан біз қандай да бір халықаралық норманы бұзып отырған жоқпыз", - деді министрдің орынбасары.
*Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде терроористік қозғалыс деп танылған ұйым.