Қоғам

Ақшадан таршылық көрген қазақстандық 20 мың долларға бүйрегін сатпақ болған

Ер адам халықаралық интернет-сайтқа бүйрегін сататыны туралы хабарлама берген
Sputnik
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Шетелге барып бүйрегін сатуды жоспарлаған Орал тұрғыны Алматы әуежайында ұсталды. 33 жастағы ер адам Кенияда ота жасатпақ болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласының 33 жастағы тұрғыны вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ақшадан қиналған отбасылы азамат өз бүйрегін сатпақ болған. Осылайша мамыр айында халықаралық интернет-сайтқа ақшалай сыйақы үшін трансплантацияға бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялайды. Осыдан кейін сайттың қызметкерлері Telegram арнасы арқылы онымен байланысқа шығып, бүйрегі үшін 20 мың доллар ұсынады. Операцияны Кенияда жасауға келіседі.
Қазақстандық екі ай бойы Оралдағы медицина орталықтарында анализ тапсырады. Талдау нәтижелерін Telegram арнасы арқылы сайт қызметкерлеріне жолдап отырады. Ал олар Кенияға электронды виза мен әуе билетін сатып алу үшін оның шотына 250 доллар аударады.
30 шілде күні полиция қызметкерлері Орал тұрғынын Алматы әуежайында ұстады.
Тергеу амалдарын жүргізу үшін ер адам Орал қаласына жеткізілді, оған ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.
Қазір бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 116-бабы 1-бөлігіне сәйкес (Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, Қазақстанда орган сатуға тыйым салынады және трансплантация жасаудың жалғыз жолы — пациенттің туысының өтеусіз беруі немесе қайтыс болған адамның органын туыстарының келісімімен алу.