АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. 45 жастағы танымал актер Азамат Сатыбалды Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Киностудия ұжымына жаңа басшыны мәдениет министрі Асхат Оралов таныстырды. Министр "Қазақфильм" киностудиясының жұмысын үйлестіру абыройлы әрі жауапты міндет екенін айтты.
"Отандық киноөнерінің "қара шаңырағы" саналатын Қазақфильм ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек",- деді Асхат Оралов.
Айтуынша, министрлік 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ке дейін ұлғайтуға ниетті. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ке дейін жеткізу көзделіп отыр.
Министр киностудияның жаңа басшысы мен ұжымына сәттілік тілеп, табысты жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Айта кетері, 2020 жылғы шілдеден 2022 жылғы қыркүйекке дейін "Қазақфильмді" танымал кинорежиссер Ақан Сатаев басқарған болатын. Ол бұл қызметтен өз еркімен кетті.
Азамат Сатыбалды туралы не білеміз
Азамат Сатыбалды 1977 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы Мерке ауданы Т.Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы маусым айында Қостанай облыстық қазақ драма театрында бастады.
2001 жылдың қарашасынан 2018 жылдың желтоқсанына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып жұмыс істеді. 2013 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың тамызына дейін "Қазығұртфильм" ЖШС кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды.
2018 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың ақпанына дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметін атқарды.
2022 жылдың ақпанынан осы уақытқа дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болды.