АЛМАТЫ, 26шілде – Sputnik. Алматының Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандары ауыз сусыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Атап айтқанда, Медеу ауданында 50 көпқабатты тұрғын үй мен 5000 жеке сектор ауыз сусыз қалған.
Қазіргі күні әкімдік тұрғындарға су тасушы көліктермен ауыз су тасып, биоәжетханалар орнатып жатыр. Бұл ауданда су таситын көліктер саны бірден екі есеге ұлғайтылды.
"Медеу ауданында 8 көлік су тасыды, енді 18 көлік шығарамыз. Биоәжетханалар да көптеп қойылады. 50 көпқабатты үй мен 5000 жеке үй секторы сусыз қалды, соларды ауыз сумен қамтамасыз етуге жетеді. Тұрғындар қанша су алып пайдаланамыз десе де шектеу жоқ", - дейді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.
Тұрғын үйлердің кейбіріне су аздап беріліп жатыр, ал кейбірінде мүлдем жоқ.
Су тасушы көліктер мен биоәжетханалар бойынша тұрғындар өтінім қалдыра алады:
дәретханалар бойынша + 7 775 594 90 94,
су таситын көліктер бойынша + 7 707 776 47 72 нөміріне хабарласыңыздар.
Кейбір мұқтаж жандарға ауыз су арнайы техникамен жеткізіледі, ол үшін "Алматы Су" МКК диспетчерлік қызметі 274-66-66, +7 777-852-91-01 нөмірлері арқылы қызмет көрсетеді.
Еске сала кетейік, таудағы мұздықтар күрт ерігендіктен өзендер қатты лайланып кетті. Бұл лайланған суды тұтынуға болмайды.