Павлодар облысында ірі қараның неден қырылғаны анықталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. Павлодар облысы Железинка ауданындағы шаруа қожалығында 37 бас сиырдың не себепті қырылып қалғаны анықталды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
14 шілдеде Железинка ауданының "Асан" шаруа қожалығының 37 сиыры өліп қалған. Облыстық ветеринария басқармасының хабарлауынша, барлық малға екпе егілген. Мүйізді қара ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасына енгізілген. Ведомство мал уланып қалуы мүмкін деген болжам айтқан болатын. Өйткені сиыр бағатын баздың маңындағы картоп алқаптарында Колорадо қоңызына қарсы өңдеу жүргізілген.
Зертханалық зерттеулер үшін мал ішкен судың және ұңғыма жанындағы топырақтың үлгісі алынған.
"Сараптама барлық үлгіде пестицид қалдығы – "Дихлорфос", "Диметоат", "Паратионметил", "Хлорпирифос" препараттары табылғанын көрсетті. Сиырдың улануына осы жағдай себеп болған", – деді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев.
"Асан" шаруа қожалығында мүйізді ірі қарадан басқа барлығы 157 аша тұяқты мен жылқы бар.
Павлодар облысында ірі қара мал қырылып жатыр