АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Алматы қаласының әуежайында Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі ағасы Қуаныш Нұрғазин ұсталды. Ол Қазақстанға өз еркімен оралған, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Нұрғазин Әблязов басқаратын "BSC" ЖШС-ның номиналды директоры. Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған.
Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемені бұзып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін соттан жасырынған. Ол 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған.
"Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескеріп, 25 шілдеде сот оның бұлтартпау шарасын "үйқамақта ұстауға" өзгертті.
Жақын арада басты сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігін сот айқындайды.