АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Абай облысында есірткіні жасырып қойып кетумен айналысқан топ қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұзақ мерзімді операция нәтижесінде Абай облысы ПД және Семей қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.
Полицейлер интернет дүкеннің қатысушыларын анықтады. 18, 25 және 29 жастағы үш жергілікті тұрғын Семей қаласында синтетикалық есірткіні құпия орындарға жасырын қойып кетіп отырған.
Ұсталғандардан сатуға арналған 250-ден астам бір реттік синтетикалық есірткі дозасы, сондай-ақ ұялы телефондар тәркіленді. Күдіктілер есірткі тыққан орындарды суретке түсіріп, есеп беріп отырған.
Мобильді құрылғыларды тексеру кезінде Telegram мессенджерінде чат анықталды. Ол жерде "курьерлер" тауар бойынша нұсқау және координаттарды алып отырған.
"Сараптама көрсеткендей, зерттеуге ұсынылған заттар жалпы салмағы 73 грамнан асатын A-PvP психотроптық заты екені анықталды. Қара нарықтағы бағасы 2 млн теңгеден асады", – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның санкциясы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Айта кетері, жыл басынан бері Абай облысының полицейлері заңсыз айналымнан 200 келіге жуық түрлі есірткі тәркіледі.