АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Алматылық Гүлжан Түзелбаева жақында "Алматы апорты" деп аталатын иіссу жасап шығарды. Парфюмердің "Алматы раушаны", "Жусан" деп аталатын коллекциясы да бар, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Парфюмер болуды Гүлжан бала кезінен армандаған. Біздің елде мұндай мамандықты дайындамайды. Сондықтан мектеп бітірген соң, бойжеткен иіссудың отаны Францияға аттанады. Сол жақтағы парфюмериялық институтқа түсіп білім алып шығады. Қазір бірнеше иіссу топтамасының авторы. Зертханалық жұмыстарын Сәтбаев университетінде жасайды.
"Маған парфюмның хош иісі бұрыннан ұнайды. Есімімді де Гүлжан деп тегін қоймаған шығар. Иісінен-ақ кез келген гүлді ажыратып айтып бере аламын. Алматы апортымен, жайқалған гүлімен танымал. Соны брендке айналдырғым келеді. Әрине жұмыс оңай емес. Шикізаттың біразын Франциядан алдырамыз. Концентраттың бір бөлігі осында жасалады", - дейді парфюмер Гүлжан Түзелбаева.
"Алматы апорты" иіссуына франциялық мамандардың өздері жоғары баға берген.
Иіссудың алдымен формуласы жасалады. Яғни құрамын, мөлшерін анықтап алады. Бір тамшы артық не кем болса иіссу мүлдем өзеріп кетеді. Сондықтан өте ұқыптылық керек. Қазір оның зертханасында 20-ға жуық ингредиент бар. Әсіресе, алма, балқарағай, раушан, ваниль, апельсин иісіне негізделген концентраты ерекше.
Қазірдің өзінде Гүлжан 60-қа жуық парфюм жасап шығарған. Оның арасында хош иісті балауыз бен үйге арналған жұпар да бар. Алдағы уақытта ол зауыт ашып, айына 10 000 дана парфюм өнімін шығаруды жоспарлап отыр.