АЛМАТЫ, 21 шілде – Sputnik. Алматы облысы Талғар өзеніндегі су деңгейі төмендеді. Өзенде кезекшілік және мониторинг жалғасып жатыр. Халыққа қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
21 шілде күні Алматы облысында нөсер жаңбыр салдарынан су деңгейі көтерілген еді. Талғар өзені бойындағы Үлкен поляна өлшеу стансасының мәліметінше, биік таулы аймақтарда жауған жауын-шашын салдарынан Сол Талғар өзеніндегі су деңгейі секундына 18 текше метрге көтерілген.
Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік өзенінің бассейніндегі селден тас жолдың төсемі шайылып кеткен. 21 шілдеде сағат 21:00-де Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Орман шаруашылығы қызметкерлерінен орманшының үйінде 9 турист пен 1 орманшы жол қатынасынсыз қалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Күндіз олар орманшының үйінде болған, кейіннен байланыс болмаған. Хабарлама келіп түскен сәттен бастап Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының және республикалық жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдарынан 11 адам мен 3 техникасы жұмылдырылды.