Өңірлер

Түркістанда ер адам 70-ке жуық балаға заңсыз діни сабақ өткізген

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Түркістанда кәмелетке толмаған 70-ке жуық балаға заңсыз діни сабақ өткізген азамат анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Түркістан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кәмелетке толмағандарға заңсыз діни сабақ берген ер адамды анықтаған.
"Түркістан қаласының тұрғыны үйінде 5 жастан 17 жасқа дейінгі 68 балаға сабақ беріп, діни уағыздарды заңсыз өткізген. Ол оқу ақысы үшін 100 мың теңге алған. Күдіктінің мекенжайын тексергенде 68 бала діни бағыт бойынша сабақ алғаны расталды", - дейді полиция.
Оқушылар тек Түркістан ғана емес, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Өзбекстан Республикасынан да келген.
"Ұстаз болып жүрген тұрғынның үйінен 100-ден астам діни сипаттағы кітап тәркіленді. Ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 3-бөлігі "Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - дейді ведомство.
Оқиғадан соң облыстық дін істері басқармасының мамандары балалардың бәрін интернатқа алып келген.
"Сол жерде барлық құқық қорғау органдары мен дін істері басқармасының мамандары болды. Балалардың ата-аналарын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Балаларды ондай заңсыз, күмән тудыратын жеке үйлерде сабаққа жіберуге болмайтынын барынша түсіндірдік. Баланы құран оқуға үйретемін деген ата-ана заңды түрде жұмыс істейтін медресеге беру керек. Тек сондай орындарда ғана білім алуға рұқсат. Түркістан қаласы прокуратурасы да түсіндіру шараларын жүргізді", - дейді Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшылығы.
Заңсыз діни білім алған 68 баланың үшеуі – қыз бала.
"Ата-аналар саналы түрде балаларын жіберген. Сол жерден діни сауатын ашсын деген ойда болған. Қазіргі күні заңсыз миссионерлікпен айналысқан адаммен полиция жұмыс істеп жатыр", - дейді дін істері басқармасының мамандары.
Діни дәрістерді таратқан Ақтөбе облысының тұрғыны жауапқа тартылды