АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Шымкентте жол ортасында шоу ұйымдастырған блогер қыз әкімшілік жауапқа тартылды.
Әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа мониторинг жүргізу барысында Шымкент қалалық полициясы өрескел құқықбұзушылық жасалған бейнежазбаны анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Блогер қыз қиылыста тоқтаған автокөліктен шығып, бағдаршамның қызыл шамы жанып тұрған сәтте жол ортасында билей бастаған. "Шоуды" қыздың өзі және көлікте қалған ер адам тікелей эфирде көрсеткен.
"40 секундқа созылған қойылымды бағдаршамның жасыл түсі мен қозғалыстағы көліктердің сигналы үзді. Заң бұзушы олардан қашып, жолдың шетіне қарай жүгірді", - делінген хабарламада.
Патрульдік полиция инспекторлары қыздың кім екенін анықтады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты.
Тиктокер қыз Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы "Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы" бойынша жауапкершілікке тартылды.