АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің экс-басшысы алаяқтық жасап, бес жылға сотталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық соты.
ТКШ бөлімінің экс-басшысы А. азаматтарға мемлекеттік меншіктегі газ тарату станциясының ғимаратын бұзып, бөлшектеуді ұсынған.
"Экс-басшы рұқсат қағазы үшін олардан 12 миллион теңге сұраған. Алдын ала төлем ретінде ол азаматтардан 4 миллион теңге алып, бұзу құқығы туралы жалған анықтама берген. Кейін объектіні бұзудың орнына жалға алуды ұсынып, олармен 30 жылға мүліктік басқару шартына қол қойысқан. Бұл үшін экс-басшы тағы ақша талап еткен", - дейді облыстық сот.
Осылайша, ТКШ бөлімінің экс-басшысы қызметтік бабын пайдалана отырып, Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігінің 1),2)-тармақтарына сәйкес ірі көлемде алаяқтық жасаған.
"Сонымен қатар А. өз танысынан 11 000 000 теңге қарыз алып, оған ТКШ бөлімінің балансында тұрған генераторлық қондырғыны кепілге берген. Сөйтіп экс-басшы мемлекетке 1 322 381 теңге сомасында материалдық залал келтіріп, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған", - дейді ведомство.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, айғақтарды тексеру және нақтылау хаттамаларымен, құжаттарды алу және қарау хаттамасымен, қабылдау-тапсыру актісімен, тексеру хаттамасымен және сарапшылардың қорытындыларымен, аудиторлық есеппен дәлелденген.
"Сот үкімімен "А-ға" 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, ол бұдан былай мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды", - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.