Қоғам

Алматыда урбанистика басқармасының басшысы ұсталды – Антикор

Sputnik
АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеп жатыр.
"Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді", - делінген Антикор хабарламасында.
Шенеунік 2020-2023 жылдары жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Салдарынан мемлекетке жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде 307 млн теңгеден астам шығын келтірілді.
Бұдан бөлек, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып, мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал еткен. Шығын 180 млн теңгені құрады.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Бұрынғы вице-министр Әлтаев ай сайын 5000 доллар пара алып келген - Антикор