АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Алматыда шетелдік көліктерді заңдастыруға “көмектесуге” уәде берген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті "шетелдік көліктерді заңдастыруға көмектесемін" деп қана емес, сонымен қоса "жүргізуші куәлігін де алып беремін" деп алдаған.
"29 жастағы А. есімді азамат өз қызметін 250 мың теңгеге және одан да жоғары бағалаған. Біздің бөлімшеде алаяқтық дерегі бойынша осыған ұқсас 4 арыз тіркелді. Жедел шаралар нәтижесінде күдікті ұсталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті қамауға алынды", - дейді Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Қазіргі уақытта тергеушілер ұсталған азаматтың бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.