АЛМАТЫ, 18 шілде – Sputnik. 2022 жылдың қаңтарындағы тәртіпсіздіктер кезінде өкілеттігін асыра пайдаланғаны және адамдарды азаптағаны үшін 10 жылға сотталған генерал Күдебаев елден қашқаны үшін қосымша 3 ай түрмеде отырады.
Алматы облысы Кеген аудандық сотында Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін үкім шығарылды.
"Күдебаев Серік Мырзақұлұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігінде (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту – ред.) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабына сәйкес Талдықорған қалалық сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі үкімімен белгіленген жазаны ішінара толықтыру арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Күдебаев 10 жыл және 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін", - деп үкімді Алматы облысы Кеген аудандық сотының судьясы оқыды.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың сәуір айының аяғында Талдықорған қалалық соты Серік Күдебаевты қаңтар оқиғасы кезінде ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану (ҚК 362-бабының 4-бөлігі) және азаптау (146-баптың 2-бөлігі) бойынша кінәлі деп танып, оны полиция генерал-майоры арнайы атағынан айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.
Серік Күдебаев Алматы облысы полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол алты жылдан астам уақыт Алматы полициясының басшысы болған.