АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. 2023 жылдың маусым айында елде жылдық инфляция баяулап, 14,6% болды (мамырда – 15,9%). Инфляция барлық 20 өңірде бәсеңдеді, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Ақмола облыстарында және Астана қаласында тіркелді.
Маусымда азық-түлік тауарларының бағасы 14,6%-ға дейін (мамырда – 16,5%) баяулады. Осы топ тауарларының бағасы Маңғыстау облысында (17,2%) барынша жоғары, ал Алматы қаласында (12,7%) мейлінше төмен өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 15,8%-ға дейін баяулады (мамырда – 17,2%). Ең жоғары мән Астана қаласында (21,5%), ең төмен мән Алматы облысында (12,4%) тіркелді.
Маусымда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы13,3%-ға дейін баяулады (мамырда – 13,5%). Бұл ретте жалпы республикалық деңгейден баға Ұлытау облысында (17,3%) біршама жоғары, Абай облысында (10,7%) айтарлықтай төмен өсті.
2023 жылғы маусымда елде айлық инфляция 0,5%-ға өсті.