АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша "Chia Tai Pharmaceutical" компаниясының өкілдері тергеуге алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, компания өкілдері өзін инвестициялық ұйым ретінде жарнамалап, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген. Кейіннен жеке тұлғалардан ақша жинаған. Бірақ оны кәсіпкерлік қызметке салмай, қатысушылар арасында бөліп отырған.
"Келтірілген шығын көлемі бүгінде 769 млн теңгеден асады. Қазіргі уақытта қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", - деп атап өтті агенттік.
Айта кетері, осы айдың басында Қызылорда облысында "Chia Tai Pharmaceutical" қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.