АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы үш жылдық бағдарламаны іске асыруға кірісті. Соның аясында "CyberPol" топтарын республиканың барлық аумағында құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, былтыр желтоқсан айынан бастап Астанада "CyberPol" пилоттық жобасы қолға алынды. Оған банктер, байланыс операторлары, IT компаниялар мен криптоплатформалар қатысып жатыр. Олармен ынтымақтастық келісімдер де жасалды.
"Жобада қызметкерлер "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейді, яғни, жасалған қылмыс бойынша жәбірленушіге қатысты барлық шұғыл тергеу әрекеті бір мезгілде және бір жерде жүзеге асырылады. Осылайша, тергеуге кететін уақытты 20-30 күннен 3-5 күнге қысқартуға мүмкіндік туды", - деді орталық басшысы онлайн брифингте.
Астанадан кейін Алматы, Қарағанды мен Түркістан облыстарында "CyberPol" топтары құрылды.
"Жақын арада еліміздің барлық өңірінде осындай топтар құрылады. Мысалы, Павлодар облысында "CyberPol" нысаналы тобы банк қызметкерлерінің атынан алаяқтық әрекеттер арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруды ұйымдастырған Павлодар қаласының тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта 20 эпизодқа қатысы бары анықталды, келтірілген залал шамамен 40 млн теңгені құрады", - деп атап көрсетті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы.