АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Келесі жылдан бастап Қазақстанда 17 жасқа толған балалар автоматты түрде әскери есепке алынады, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа жүйені алдымен сынақтан өткізіп көреді. Аталған пилоттық жобаны премьер-министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қолдап отыр.
"Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін модификациялау мен ықпалдастырудың арқасында іске асырылды. Бұл еліміздің 16-60 жас аралығындағы азаматтарын әскери есепке алудың толық қамтылып жүргізілуіне мүмкіндік берді", - делінген ресми хабарламада.
Қолданыстағы заңға сәйкес, жыл сайын он жеті жасқа толатын ер азаматтарды тіркеу шаралары жүргізіледі. Сол кезде әскери қызметке жарамдылық деңгейі анықталады. Осыған байланысты денсаулық сақтау ұйымдары бір айлық балалардан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды тексереді. Ал жалпы практика дәрігерлері бейінді мамандардың қорытындысын және зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, 15 пен 18 жас аралығында балалардың денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді. Барлық мәлімет қорғаныс министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің біріктірілген ақпараттық жүйесіне түседі.
Бүгінде жыл сайын 120 мыңға жуық 17 жастағы бала әскери есепке алынады. Ал осы жұмысты автоматтандырудың арқасында жыл сайын миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік бар. Үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарларын сатып алу және тағы басқа қызметтерге жұмсалатын болады.