Қоғам

Әскерге барғандардың кредит төлеу мерзімі қалай шегеріледі

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге
Ақша, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Қазақстанда мерзімді әскери қызметке барған жастардың кредит төлеу мерзімін шегеруге шешім қабылданды. Бүгінде 4 мыңға жуық адам уақытша несие төлеуден босатылды.
Бұдан бөлек, әскерде жоғары жетістіктерге жеткен сарбаздар университетке тегін түсе алады. Sputnik Қазақстан кредиттен босату мен грантқа түсу тәртібін ұсынады.

Кредит көлеміне шектеу жоқ

Сонымен биылдан бастап мерзімді әскери қызметке барғандарға 13 ай бойы кредит төлемеуге рұқсат берді. Осы уақыттың ішінде банк болсын, микроқаржы ұйымы болсын, берешекті өндіріп алу бойынша сотқа да, нотариусқа да жүгіне алмайды.
Кредиттер мен қарыздар туралы ақпарат әскерге жинау пунктерінде жиналады. Ол үшін әскери басқару органы басшысының атына өтініш жазу керек. Өтініште бірнеше маңызды мәселені көрсету керек. Олар:
қарыз алушының аты-жөні;
төленуге тиісті сома;
қарызды төлеуге байланысты басқа да деректер.
Ал әскерге кетіп қалған сарбаздар өздері жүрген әскери бөлім басшылығына жазбаша өтініш бере алады.
Жергілікті әскери басқару органы туыстарының өтініштерін де қабылдайды.
Кредитті тоқтату тәртібіне сәйкес, кредиті бар сарбаз туралы барлық мәлімет Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі. Осы орган өз кезегінде қаржы ұйымдарына негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қажеттігін хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, мерзімді әскери қызметте жүрген 7,1 мың сарбазда 16.6 мың кредит бар. Жалпы көлемі – 2,5 миллиард теңге. Бүгінде 4 мыңға жуық сарбаз кредитті кейінге төлеуге мүмкіндік алды. Кредиттің көлеміне шектеу жоқ.

Әскерден кейін кредит төлеуге жағдай болмаса ше

Қазақстанда проблемалық кредиттерді реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді. Енді банк те, микроқаржы ұйымы да бірден коллекторларға жүгінбейді. Олар қарыз мәселесін алдымен борышкермен өзара шешуге міндетті.
Ережеге сәйкес, жеке тұлғалар кредитті төлей алмаса, тікелей банкпен немесе микроқаржы ұйымымен мерзімі өтіп кеткен берешек мәселесін шешуге құқылы. Бірақ әрбір тарап өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға тиіс.
Біріншіден, кредит алған адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі болса, банк болсын, микроқаржы ұйымы болсын, сол сәттен бастап 20 күннің ішінде оған хабарласып, төлем мерзімін өткізіп алғаны туралы ескертуге міндетті. Қызметкерлер берешек жайында айтып қана қоймай, мерзімі өтіп кеткен төлемнің нақты мөлшерін көрсетуге тиіс.
Қарызды төлемегені үшін қандай жауапкершілік болатыны ескертіледі. Сосын проблемалық кредит мәселесін шешу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына шақырады.
Екіншіден, кредит алған адам өз кезегінде берешектің мерзімі өткен күннен бастап 30 күннің ішінде кредиттік ұйымға қарызды қайта құрылымдау туралы жазбаша өтініш тапсырады. Онда нақты бірнеше мәселені көрсету керек.
Үшіншіден, қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануы шарт. Оны тіркеуге алып, банк немесе микроқаржы ұйымның қарауына шығарады. Өтініште толық мәлімет болмаса, кредит алған адамға хабар беріледі. Ол бес күннің ішінде қосымша мәлімет пен құжатты ұсынады. Кредит берген мекеме өзінің жауабын күнтізбелік 15 күннің ішінде беруге тиіс.

Әскерге барып келгендер оқуға тегін қалай түсе алады

Әскерде көзге түскен сарбаздар жоғары оқу орнына тегін түсе алады. ҰБТ-ны тапсырудың қажеті жоқ. Оларға университеттердің өздері 100 проценттік жеңілдік беріп отыр. Бүгінде 70 жоғары оқу орны әскерге барып келген 3 мыңға жуық адамды қабылдауға дайын.
Олардың ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Көлік және логистика академиясы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Торайғыров университеті, Атырау мұнай және газ университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті және тағы басқа танымал оқу орындар бар.
Әскерден кейін грантқа түскен адамдарға шәкіртақы төленбейді. Себебі бұл жеңілдік мемлекеттің гранты емес. Алайда оқу озат болғандар мемлекеттік грантқа ауысып, шәкіртақы ала алады.
Жаңалықтар
0