АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. 10 шілде күні Ақмола облысында Toyota Alphard жол апатына түсті. 22 жастағы көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылып кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңір полициясына сілтеме жасап.
Оқиға орнында 71 жастағы және 31 жастағы екі әйел көз жұмды. Кәмелет жасқа толмаған үш бала Астанадағы ауруханаға жеткізілді. Барлығы – бір отбасының адамдары. Олар Toyota Alphard Сарыағаштан Астанаға жету үшін жалдаған.
Осы жағдайдан кейін Ақмола облыстық полиция департаменті минивэн жүргізушілерін жылдамдық режимін сақтауға үндеді.
Ведомствоның мәліметінше, жол апатына көбінесе жүргізушілердің өздері кінәлі. Олар жылдамдық режимін сақтамайды. Оған қоса, шаршап тұрса да, жолға шығып кетеді.
"Жыл басынан бері Ақмола облысының аумағында "Toyota Alphard", "Toyota Estima" және минивэндердің қатысуымен 12 жол апаты болып, 13 адам қаза тапты. 39 адам түрлі жарақат алды. Көлік жүргізушілерінің бәрі заңсыз такси қызметімен айналысқан", - дейді полицейлер.
Осы орайда тәртіп сақшылары қоғамдық көліктер, соның ішінде автовокзалдардағы шағын автобустар техникалық диагностикадан өтетінін, сақтандыру полисі бар екенін еске салды. Ал жүргізушілер медициналық тексерістен өтіп тұрады. Жеке тасымалдаушылар болса, бұл талаптарды сақтамайды.