АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында заңсыз көші-қонды бизнеске айналдырған Қырғыз және Қазақстан азаматтары ұсталды, деп хабарлайды Жамбыл аудандық прокуратурасы.
Жамбыл аудандық прокуратурасының нұсқауымен ауданның полиция бөлімі жеделіздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде заңсыз көші-қон ұйымдастырғандар ұсталды.
"Жамбыл ауданында Қазақстан Республикасының 20 жастағы азаматы мен Қырғыз Республикасының 26 жастағы азаматы үшінші тұлғалармен мәмілеге келе отырып, еңбек мигранттарын заңсыз өткізумен айналысқан", - дейді аудандық прокуратура.
Заң бұзушылар қызметі үшін қомақты қаражат алған.
"Мәселен, ресми өткізу пункттерін айналып өтіп, мемлекеттік шекараны кесіп өтуге көмектескені үшін олар Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтарынан 300-500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған. Алайда шетел азаматтарына өз елінен кетуге тыйым салынған, өйткені олардың дерегрі борышкерлер тізіміне енгізілген", - дейді ведомство.
Бұл факті бойынша ҚР ҚК 394-бабының 2-бөлігі "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" және 392-бабының 1-бөлігі "ҚР мемлекет шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Жамбыл аудандық сотының 26 шілдедегі үкімімен Қырғыз Республикасының азаматы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, Қазақстан Республикасының аумағына 5 жыл мерзімге дейін кіруіне шектеу қойылды", - деді аудандық прокуратура.
Ал Жасөркен ауылының тұрғынына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады.