АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт берді, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс екенін айтты. Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады.
"Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін"", - деді Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Айтуынша, елорданы дамытуға қатысты барлық мәселені жан-жақты ойластырып шешу маңызды. Ол үшін "Астананың мәртебесі туралы" заңға шұғыл түрде тиісті өзгерістер енгізу қажет. Заң арқылы әкімдіктің құзыреті мен жауапкершілігін күшейту керек.
"Астана тұрақты даму үшін оны тиімді әрі сапалы басқару қажет. Жалпы, Астананы өркендету үшін, ең алдымен, әкімдік, кәсіпкерлер және тұрғындар арасында сенімді серіктестік орнату қажет. Басты міндет – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осыны дұрыс түсінген жөн", - деді президент.
Айта кетері, кеңесте елорданы ауыз сумен, жылумен қамтамасыз ету, үш ауысымды мектеп, интернет және тағы басқа өзекті мәселелер қаралды.