АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Ресейдің Екатеринбург қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Бас консулдықтың негізгі жұмысы – Қазақстан мен Ресей өңірлері, сондай-ақ екі елдің кәсіпорындары арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Осы бағытта консулдық қызметтердің қолжетімділігін арттыру қарастырылған.
Жаңа дипломатиялық нысан Орал федералдық округінің барлық аумағын, атап айтқанда Свердлов, Челябі, Қорған, Түмен облыстарын, сонымен қатар Пермь өлкесін қамтиды. Осы аумақта 90 мыңнан астам қазақ, соның ішінде Қазақстаннан келген 7 мыңнан астам студент бар.
Бүгінде Орал федералды округі және оның әкімшілік орталығы - Екатеринбург қаласы Ресей Федерациясының қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп, ғылым-білім, көлік-логистикалық және қаржы орталықтарының бірі болып саналады. Мұнда ірі ғылыми және өндірістік бірлестіктер орналасқан. Машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған.
Айта кетері, бүгінде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань мен Омбы қалаларында Қазақстанның консулдығы бар.