Қоғам

"Қазақстан барысы" атанған Ғалымжан Қырықбайға пәтер кілті табысталды

Sputnik
АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. "Қазақстан барысы – 2023" республикалық турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбайға Тараздан екі бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Таразда Астана күніне орай өткен мерекелік шарада чемпионға пәтер кілтін табыстады.
Ол республикалық "Қазақстан барысы" турнирінде жеңімпаз атанып, жерлестерінің мерейін асырған Ғалымжан Қырықбайдың жетістігін айрықша атап өтті.
"41 балуанның ішінен үздік шығып, еліміздің бас балуаны атанған спортшыға Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, марапаттады. Ал оның жаттықтырушысы Бахтияр Ақбергеновке 2 миллион теңгенің сертификатын тапсырды", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, жуырда Астанада қазақ күресінен "Қазақстан барысы – 2023" ХІІ республикалық турнирі аяқталды. Балуандар белдесуінің чемпионы атағын қорғаныс министрлігі спорт комитеті – орталық спорт клубының мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Ғалымжан Қырықбай иеленді.
Турнир финалына Маңғыстау барысы Нұрдәулет Жарылғапов пен "Әскер барысы" Ғалымжан Қырықбай шыққан еді. Белдесу нәтижесі бойынша Ғалымжан Қырықбай жеңімпаз атанып, "Алтын белбеу" мен 25 миллион теңгені жеңіп алды.
"Қазақстан Барысы-2023" турнирінің жеңімпазы анықталды