АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. Қызылорда облысында кене шаққан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Шиелі ауданында 51 жастағы ер адам сиыр сойғаннан кейін өз денесінен бірнеше кене тапқан. Көп ұзамай дене қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлап кеткен. Ауруханада оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Алайда ер адам қайтыс болды.
Бұған дейін Жаңақорған ауданында тура сондай оқиға болды. Ауруханада көз жұмған 77 жастағы ер адамда конго-қырым қанды безгегі анықталды.
Облыста жыл басынан бері аталған кеселге шалдығуы мүмкін деген күдікпен 23 науқас тіркелген. 8 адамда инфекция расталды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, зертханалық сынама расталған жағдайда ғана залалсыздардыру жұмыстары басталады.
"Ошақта мал бастарына, қораларға және жеке науқастың бұйымдарына міндетті түрде қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі", - дейді Әбдіқайымова.