АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауыты 6 шілдеден бастап мұнай өнімдерін шығара бастады, деп хабарлайды зауыттың баспасөз қызметі.
"Қазіргі кезде баяу кокстеу қондырғысынан басқа, зауыттың барлық технологиялық қондырғысы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Баяу кокстеу қондырғысында апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша баяу кокстеу қондырғысы 9 шілдеге дейін іске қосылады", - делінген хабарламада.
Атырау МӨЗ әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін тұтынушыларға жинақталған қор есебінен жөнелтуді жалғастырып жатыр.
Еске салсақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17.25-те МАЭК жылу электр станциясында болған апатқа байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілген еді. 3 шілде сағат 19:35-те "KEGOC" АҚ тарапынан электр қуаты қайта берілді.