АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. Алматы облысында саз аралас сел тасқыны 300 метр жолды шайып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тау жақта толассыз жауған жаңбыр мен бұршақтың салдарынан сел жүрді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, сел тасқыны Саты Сай шатқалынан түсті. Соның салдарынан Кеген ауданындағы Саты ауылына жақын жолдар бұзылды.
"Сел салдарынан 300 метрге жуық жол жабындысы опырылып қалды. Оқиға орнында ескерту белгілері қойылды, жергілікті халыққа SMS-хабарлама таратылды. Зардап шеккендер жоқ", - дейді құтқарушылар.
Саз аралас су ағыны Ұлтарақ орталық көшесінің бойымен өтті. Ал арық жүйесі су ағынын өткізіп үлгере алмады, соның салдарынан көшелерді су басты.
"Қайтыс болғандар, зардап шеккендер мен қирандылар жоқ. Тұрғын үйлерді су баспады. Жолды қалпына келтіру жұмыстары комиссияның тексерісінен кейін басталады", - делінген ресми хабарламада.
Кеше сағат 20.00-де жауын-шашын тоқтап, су деңгейі төмендеді. Оқиға орнына Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті, "Қазселденқорғау" ММ күштері мен құралдары барды.