Іздеуде жүрген "Оператор РОП"-тың экс-құрылтайшысы Дубайда ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. "Оператор РОП" ісі бойынша халықаралық іздеу болған Шынар Мұқтарова шет елде ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспаөз қызметіне сілтеме жасап.
Аса ірі мөлшерде ақша жымқырды деген күдікке ілінген компанияның бұрынғы құрылтайшысына халықаралық іздесу жарияланған болатын.
"Ол Дубай қаласында ұсталды. Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары оны қамауға алды", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі кезде Қазақстанның бас прокуратурасы оны экстрадициялау мәселесімен айналысып жатыр.

"Оператор РОП" ісі

Кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "ӨКМ Операторы" утилизация алымын жинаған. Яғни болашақта көлікті утилизациялауға қажет болатын біржолғы төлемдер алып отырған.
2021 жылдың соңында мұндай ставка мен авто құнына наразылық білдірген қазақстандықтар петиция жасады. Олар көлікке утилизациялық алым төленбеуге тиіс деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте сөйлеген сөзінде "ӨКМ операторы" функциясын тоқтатуды және мөлшерлемені қайта қарауды тапсырды.
Оның пікірінше, мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. "ӨКМ операторының" жұмысын енді "Жасыл Даму" компаниясы атқарады.

Соттың үкімі

Былтыр қаңтарда "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды. Ал наурыз айында "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы бас директоры Светлана Коротенкоға қатысты тергеу басталды. Ол 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейін кәсіпорыннан автомобильдерді утилизациялауға жоғары құн белгілей отырып, 20 миллиард теңгеден астам соманы ұрлады деген күдікке ілінді.
Сәуір айында Антикор "Оператор РОП" ЖШС-ның бұрынғы басқарушы директорын ұстады. Оған 13 миллиард теңге ұрлады деген айып тағылып отыр. Заңсыз алынған ақшаны ол Recycling Company ЖШС-ға аударған.
"ӨКМ Операторы" құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Руслан Шәмшиев жұмыс кабинетінде өз-өзіне қол жұмсады.
Соттың шешімімен бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Медет Құмарғалиев пен Светлана Коротенко да тура сондай жазаға кесілді. Қаржы директоры болған Рустам Темірбеков екі жылға сотталды.
Қоғам
"Оператор РОП-тың" экс-құрылтайшысына іздеу жарияланды