АСТАНА, 5 шілде - Sputnik. Депутат, спорт ардагері Дәулет Тұрлыханов әскери бөлімнен қашып кеткен және қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған ұлының әрекеттеріне қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында үндеу жариялады.
"Соңғы бес айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдай бойынша өте көп ақпарат шығып жатыр. Иә, бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін", - деп жазды Тұрлыханов.
Депутат әлеуметтік желідегі ақпараттар оның ұлына үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сезінетінін айтты.
"Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып "самоволкаға" шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді!?", - дейді депутат.
Ол осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баласының қазіргі психологиялық жағдайы қатты алаңдататынын атап өтті.
"Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін", - деп жазды Тұрлыханов.
Сонымен қатар ол бүгінгі күндегі абыройы - орасан еңбектің арқасында келгенін жеткізді.
"Ал менің ұлыммен болған бір ғана жағдай – халық алдындағы абыройымды түсіре алмайды", - дейді спорт ардагері.
Естеріңізге сала кетейік, Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат (депутат Тұрлыхановтың ұлы) қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытқа қашып кеткен.
Ол бұйрыққа бағынбай, оны орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапқа тартылды. Әскери бөлімнің орналасқан жеріне әскери қызметшінің сүйемелдеуімен қайтып бара жатқан.
Нұрасыл Болат Алматы қаласында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жықты деп айыпталуда.