АСТАНА, 3 шілде - Sputnik. Қазақстандық паспорты бар азаматтар 39 елге визасыз бара алады, тағы 52 елде олар келгеннен кейін виза ала алады. Ал 107 елге бару үшін виза қажет болады, деп жазды finprom.kz.
Әлемдегі ең ықпалды төлқұжат - БАӘ азаматтарының құжаттары. Олар 125 елге визасыз бара алады, одан бөлек 55 елде визаны келгеннен кейін алуға болады. БАӘ азаматтарына тек 18 елде ғана виза қажет.
Паспорттың күші бойынша елдер рейтингісінде 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан 97-ден 53-ші орынға көтерілді. Рейтингте жалпы 193 ел бар.
ТМД елдері арасында Қазақстан төлқұжаты Ресей, Молдова және Беларусь паспорттарынан кейінгі орында тұр. Ал Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан паспорттарымен салыстырғанда қазақстандық төлқұжат ықпалды болып тұр.