Балаларды қаққан депутат: газ бен тежегіштің қайсысын басқанымды білмеймін

Оқиға болған кезде балалар мотоциклмен жол шетінде тұрған
Sputnik
АЛМАТЫ, 3 маусым – Sputnik. "Газ бен тежегіштің қайсысын басқанымды білмеймін". Қарағанды облысында балаларды қағып кеткен депутат тұрғындарға осылай деген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жол апатына түскен екі бала – ағайынды. Оқиға болған күні мал бағып жүрген әкесіне көмектесуге барған.
"Мен ауылдың 360 бас сиырын бағамын. Балалар ылғи да көмектесіп жүреді. Сол 360 малды жолдан өткізіп жатқанымызда көлік келіп қақты. Мен қалай болғанын ұқпай қалдым. Бірақ көлік қатты жылдамдықпен келді. Өзім мотоциклден түсіп, табынның шет жағында жүргенмін. Оқиға көз алдымда болды. Қас қағым сәтте не болғанын ұқпай қалдым. Балаларым ұшып кетті. Жүгіріп келсем, жерде жатыр екен", - дейді зардап шеккен балалардың әкесі Съез Ләйлә.
Оқиға болған сәтте малын таратып айдап әкету үшін тұрғындар да трасса бойында тұрған. Айтуларынша, жол талғамайтын көлік қатты жылдамдықпен келген.
"Бұл трассадан мал өтіп жүргеніне 40 жыл болды. Мал өтетін орын деген жол белгісі жоқ. Бірақ "Тасшоқы" деген ауыл аты жазылған белгі тұр. Жол апаты сол белгінің жанында болды", - дейді Тасшоқы тұрғындары.
Салдарынан 8 мал сол жерде өлген. Ал депутат Анар Бозаева зардап шеккен балалардың отбасына келіп, қолдан келген көмегін аямайтынын айтыпты.
"Көлік иесі келіп, қолдан келген көмегін көрсететінін айтты. Бұл енді жазым ғой. Әдейі келіп қаққан жоқ. Ол кісінің айтқаны "шок болғаным соншалық, газды бастым ба, тежегішті бастым ба білмеймін" деді", - дейді зардап шеккен балалардың туысы Арман Мәти.
Айта кетері, балалар мен малды қағып кеткен депутат Анар Бозаева "Аманат" партиясының Бұқар жырау ауданындағы филиалын басқарады. Апат болған жерге жақын маңдағы Ботақара ауылында туып-өскен.
Қарағанды облысында депутат балаларды қағып кетті