Елорда тынысы

Астанада жас кәсіпкерлерге 2,5%-тік шағын несие беріле бастады

Sputnik
АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Астана қаласында 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын несие беріле бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс.
Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейін жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейін кредит ала алады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Сондай-ақ микрокредит кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-анасын, туыстарын және тағы басқа) тартуға құқығы бар.
Жастарға микрокредит беру туралы шешімді конкурстық комиссия қабылдайды.
Микрокредит алуға өтініштер Аграрлық несие корпорациясының филиалында қабылданады. Мекенжайы: Астана қаласы, Тұран даңғылы, 19/1, "Эдем" БО, анықтама телефоны: 8-701-006-16-38, колл-орталық 5353.
Жастарға шағын несие беру жайлы толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.
Қазақстандықтар өз атына кредит рәсімдеуге тыйым сала алады