Спорт

Астанада параволейболдан Азия чемпионаты басталды: 200-ден аса спортшы жиналған

Жеңімпаздар Париждегі жазғы паралимпиадаға жолдама алады
Sputnik
АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Астанада Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ірі параспорттық турнир – отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты басталды. Оған сегіз елден 200-ден астам спортшы келді, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігі.
Азия біріншілігінің ашылу салтанатына мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысты. Ол көрермендер мен турнир қатысушыларын спорт мерекесімен құттықтап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Президент Қазақстанда волейболды дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті. Мемлекет басшысы жарысты ұйымдастыруға атсалысқандардың барлығына алғыс білдірген.
"Жеңімпаздар Париждегі XVII Жазғы паралимпиадаға жолдама алады. Волейболдан Азия чемпионатының өзі 8 шілдеге дейін жалғасады. Елорданың барлық тұрғыны мен қонақтарын жігіттеріміз бен қыздарымызды қолдауға шақырамын, ал спортшыларымызға алтын медаль жеңіп алуды тілеймін. Қазақстанның ерлер командасы біріншіліктің ашылу матчында жапониялық волейболшыларды ұтып, құрлықтық чемпионат аясында алғашқы жеңіске жетті. Бұл жақсы бастама",- деді Оралов.
Министрліктің ақпаратынша, параволейболдан Азия чемпионаты елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 8 елден – Қазақстан, Жапония, Таиланд, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Үндістаннан 200-ден астам спортшы қатысуда.
Жарыс ерлер мен әйелдер командалары арасында өтеді. Қазақстан құрамасы екі санатта да ұсынылған. Қазақстанның ерлер құрамасы құрлықтағы ең мықты командалардың бірі (әлемдік рейтингте 7-ші және азиялық рейтингте 2-ші орын), ал қыздар үшін бұл осы деңгейдегі алғашқы турнир.
Айта кетері, елорданың 25 жылдығына арналған жарыс мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
"Қазақстан Барысы-2023" турнирінің жеңімпазы анықталды