АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Қызылорда облысында екі қаржы пирамидасынан зардап шеккен адамдарды анықтау шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бір қылмыстық іс Chia Tai Pharmaceutical қаржы пирамидасына қатысты қозғалды. Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Ерлан Қасқырбайұлының айтуынша, халықтың ақшасы қосымша арқылы жиналды.
"Адамдарға ақшаны медициналық зерттеулерге салуға үндеді. Соның негізінде CP Pharma өнімдері шығарылады және одан табыс түседі деп сендірген. Бүгінде осы қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны 130 адамға жетті. Шығынның көлемі анықталып жатыр", - дейді бас тергеуші.
Бұдан бөлек, департаменті мамандары Qnet қаржы пирамидасына қатысты тергеу шараларын бастады.
"Бүгінде біз бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қаржы пирамидаларына ақша аудармау қажеттігін және барынша сақ болу керектігін ескертіп отырамыз. Соған қарамастан, алданған адамдардың саны азаятын емес", - деп атап көрсетті Қасқырбайұлы.
Тәртіп сақшылары қаржы пирамидасынан зардап шеккендерге бірден полицияға арыз түсіруге кеңес беріп отыр.