Атырауда мектеп директоры жалған бұйрықпен туыстарын жұмысқа алып, 23 млн теңге жымқырған

Sputnik
АСТАНА, 30 маусым - Sputnik. Атырау облысының білім басқармасында көптеген сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті.
Биыл 27 сәуір мен 12 маусым аралығында Атырау облысы білім басқармасына еңбекақы төлеу қорын жоспарлау және игеру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың бар-жоғын анықтау мақсатында тексеру жүргізілген.
Тексеріс нәтижесінде көптеген сыбайлас жемқорлық фактілері анықталған. Жымқырудың кең таралған тәсілдерінің бірі - жұмысқа қабылдау және іс жүзінде жұмыс істемейтіндерге жалақы төлеу.
"Директор өзінің таныстары мен туыстарын жұмысқа қабылдау туралы жалған бұйрық шығарған. Кейіннен оларға есептелген жалақы жаздырған", - дейді ведомство.
Туыстарын топырлатып жұмысқа алатын директорлардың әрекеті туралы агенттік түсінік берді.
"Атырауда мектептердің бірінің директоры мен оның орынбасары алты туысын, атап айтқанда ұлын, екі қызын, екі келінін және күйеу баласын жұмысқа орналастырған. Директордың туыстары іс жүзінде мектепте жұмыс істемеген, бірақ 23 млн теңге көлемінде жалақы алған", - дейді антикор.
Батыс Қазақстанда мектеп директоры аттестат үшін ата-аналардан ақша жинаған