АЛМАТЫ, 29 маусым – Sputnik. Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1500-ден астам жазатайым оқиға болып, 200-ге жуық адам қайтыс болады. Адам өміріне қандай сала қауіпті, өтелетін төлемақы көлемі қандай екенін Sputnik Қазақстан тілшісі зерттеп көрді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметі бойынша, былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1465 жұмыскер зардап шегіп, 203-і қайтыс болған. Бұл көрсеткіш 2021 жылы да солай болған.
"Өндіріс орнында жұмысшылары ең көп жарақат алатын аймақтар: Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Ақтөбе облыстары. Қарағанды облысында – 180 адам, ШҚО-да – 169 адам, Қостанай облысында – 142 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Ақтөбе облысында – 103 адам өндірістік жарақат алды. Ал Алматы қаласында – 114 адам зардап шекті", - дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Зардап шеккендердің көпшілігі тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде және құрылыста тіркеледі екен. Министрліктің мәліметінше, негізінен оқыс оқиғалардың көпшілігі жәбірленушілердің абайсыздығы салдарынан болады.
"Жалпы зардап шеккендердің 33,9%-і – қауіпсіздік ережелерін өреске бұзғандар. Сонымен қатар өндірістегі жұмыстың өз деңгейінде ұйымдастырылмауы және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы да жазатайым оқиғаларға себеп болып отыр", - дейді ведомство.
Қазақстанда 386 мыңнан астам жұмысшы қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр
Бір қуантарлығы соңғы бес жылда өндірістік жарақат алатындар саны 6,5%-ға азайған.
"Еліміздің 2800 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды "халықтық бақылаушы" ретінде тартуды көздейтін "Халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасы да іске қосылды. Нәтижесінде республиканың 240 кәсіпорнынан 600-ден астам жұмыскер ішкі бақылау жүргізіп жатыр", - дейді министрлік.
Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша, жалпы әлемде жұмыс орнында жыл сайын 270 миллионға жуық жазатайым оқиға болып, 2 миллионнан астам адамның өмірі қиылады екен. Кәсіптен нәсіп табам деп жүріп, ауру болып қалатындар саны жер бетінде 160 миллионға жеткен.
Ал Қазақстанда дәл қазіргі күні 386 мыңнан астам жұмыскер зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр. Әрбір екінші жұмысшы шу мен дірілі жоғары өндірісте еңбек етсе, әрбір үшінші жұмысшы газ бен шаңда жұмыс істейді екен. Әрбір алтыншы жұмысшы қолайсыз температурада еңбек етеді. Ал 102 мыңнан астам адам ауыр дене еңбегімен айналысады.
"Былтыр 680 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алды. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 207,6 млрд теңге бөлді. Өтемақы көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ға артты", - дейді министрлік.
Еңбек қауіпсіздігін сақтамағаны үшін былтыр 119 лауазымды адам қызметінен босаған. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 1094 материал жіберіліп, 192 қылмыстық іс қозғалған.
Өндірісте зардап шеккендер қанша өтемақы алады
Жақында ғана Қызылордадағы күкірт қышқылын өндіретін завода тағы екі жұмысшы жарақат алды. Олардың медициналық қызметіне қаражатты завод төлеп жатыр. Жұмыс беруші "СКЗ-U" күкірт қышқылы заводының басшылығы еңбек инспекциясының тексеруінен кейін зардап шеккен жұмысшыларға материалдық өтемақы беретін болды.
Іле-шала Шығыс Қазақстанның Шемонайха қаласында газ баллон толтыратын бекет жарылып, төрт адам жарақат алды. Екеуі қайтыс болды. Қазіргі күні қылмыстық іс жүріп жатыр. Бекет басшылығы марқұмдардың және ауруханада жатқан жұмысшылардың отбасына материалдық көмек көрсетіліп жатқанын айтады.
"Жалпы өндірістік жарақат алғандарға сақтандыру компаниялары мен әлеуметтік сақтандыру қорынан өтемақы төленеді. Ол үшін қандай зақым келді, соны анықтау керек. Ол медициналық тексеру барысында белгілі болады. Комиссия құрылып, қызметтік тексеру жұмыстарының нәтижесінен кейін нақты өтемақы сомасы белгіленетін болады", - дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.