Елорда тынысы

Астанада жаңа ауыз су станциясының бірінші кезеңі іске қосылды

Сорғы-сүзгі станциясының екінші кезеңі тамыз айында іске қосылмақ
Sputnik
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Астанада жаңа ауыз су станциясының (ССС-3) бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл тәулігіне 35 мың текше метр су береді, осылайша қаладағы су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Станцияның құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, гидро сынақтар жүргізілді. Іске қосу-баптау жұмысы аяқталып, су дайындау жүйесіне тестілеу жүргізіліп жатыр.
Тамыз айында ССС-3 екінші кезеңін бастау жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезеңмен бірге есептегенде тәулігіне 100 мың текше метрден астам су береді.
Бұған дейін қалада су құбырының құрылысы аяқталып, іске қосылған болатын. Нәтижесінде судың қысымы артып, жүйенің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекеніндегі сорғы-сүзгі қуатын кеңейту жұмысы аяқталуда. Бұл жобалар келешекте Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қосымша қуат береді, дейді әкімдіктегілер.
Сондай-ақ, қаланы жылумен жабдықтаудың қосымша көлемімен қамтамасыз ету үшін екі газ жылу станциясы ("Тұран", "Оңтүстік-Шығыс") салынып жатыр. Бұған қоса құрылысы ұзаққа созылған үшінші Жылу электр орталығында да жұмыс жүргізілуде. Әкімдік бұл нысандарды жаңа жылу беру маусымына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Астана халқының тең жартысы көшеде "баклажка" ұстап, су іздеп жүр – депутат