АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Жуырда парламент мәжілісі "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын екі оқылымда қабылдап, сенаттың қарауына жолдады. Бұл заң елдегі олигополиямен күреске қауқары жете ме? Шетелден кімдердің байлығы қайтарылады? Заң аясында құрылатын арнайы қор мен басқарушы компания не үшін қажет? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
"Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның қолында"
Әлемдік қаржы сарапшыларының бағалауынша, дамушы елдер пара алу, ақшаны заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд долларға дейін жоғалтады.
Қазақстанда заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселесі алғаш рет қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін көтерілді. Былтыр қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік ететінін мәлімдеді. Оның пікірінше, бизнесті монополиялау – жақсы емес.
"Бұл қоғамдық депрессияға, елге сенімсіздікке әкеліп соқтырады. Халықтың көкейінде неліктен бизнестің барлық түрі бір қолда деген сұрақ бар. Гегелді Бабелмен шатастыратындар бар, арнайы білімі жоқ, бірақ олардың қолында орасан зор бизнес бар. Арнайы курстарды бітірген білімді адамдар бизнес көздері мен ресурстарына қол жеткізе алмайды", - деген еді мемлекет басшысы.
Араға бес ай салып президенттің жарлығымен шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияға бас прокурор жетекшілік етті. Комиссияның жұмысын Тоқаевтың өзі бақылайтын болды.
Осыдан кейін Бас прокуратура ара-тұра елге қайтарылған ақша мен активтер туралы ақпарат жариялап тұрды. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, мемлекетке 760 млрд теңгеден астам соманың активтері қайтарылған.
2022 жылғы қарашада президент заңсыз жолмен алынған активтерді елге қайтару туралы жарлыққа қол қойып, тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Жабық реестр
Заң жобасын парламент депутаттары әзірлеген. Оған сәйкес, заңсыз байыды деген күдікке ілінген жеке және заңды тұлғалардың реестрі жасалады. Тізім жабық болады.
Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдар жатқызылады:
жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар;
әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып, активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу.
Яғни бұрынғы шенеуніктер мен мемлекеттік ұйымдардың экс-басшылары, олармен байланыста болған барлық адам күдіктілер қатарына кіруі мүмкін. Мысалы, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, тіпті үй қызметшісі де.
Десе де жеке тұлғалар реестрі жабық болғанымен, ашық жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына құқық қорғау және мемлекеттік органдардың бірінші басшылары ғана емес, қоғам белсенділері мен депутаттар да кіреді.
Арнайы қор және басқарушы компания
Заң аясында арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылады.
Арнайы мемлекеттік қор – қайтарылған активтерді жинақтау және өткізу үшін қазынашылық органдарында ашылған үкіметтің қолма-қол ақшасын бақылау шоты. Яғни елге қайтарылған қаражат осы шотқа келіп түседі.
Ал басқарушы компания шетелдегі жылжымайтын мүліктер үшін арналған. Компанияның міндеті – заңсыз алынған мүлікті сатып, ақшасын арнайы қорға аудару. Басқарушы компанияның жалғыз құрылтайшысы үкімет болады. Оның қызметі нормативтік-құқықтық акті деңгейінде айқындалады.
Қайтарылған ақша Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Байлығын өз еркімен қайтарған олигархтар жазаға тартылмайды
Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі қарастырылған:
ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асады;
соттың шешімі негізінде қылмыстық процесс аясында заңсыз алынған активтерді тәркілеу;
сот активтерді негізсіз байлық ретінде таныса және мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденсе, заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару;
соттың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу.
Заңсыз иемденген активтерді қайтару жұмысы қалай жүреді
Азаматтық процесс аясында тәркілеудің мынадай алгоритмі көзделген:
Біріншісі. Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындысы бойынша уәкілетті органда құны 100 млн АҚШ долларынан асатын активтерді сатып алу көздерінің заңдылығына байланысты негізді күмән туындаса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін арнайы комиссияның қарауына шығарады.
Екінші. Материалдарды қарау қорытындысы бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді.
Үшінші. Уәкілетті орган реестрге енген азаматтарға олардың активтері туралы декларацияны тапсыру құқығының бар екенін жеткізеді. Декларацияларды тексереді және тексеру нәтижелерін комиссияның қарауына шығарады. Соның нәтижесінде комиссия одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынымдар шығарады: реестрден шығару немесе АПК және ҚПҚ көзделген шараларды қабылдау.
Төртінші. Егер адам декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін растай алмаса не декларацияны тапсырмаса, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін.
Яғни заңсыз алынған активтерін өз еркімен қайтарған байлар одан әрі қылмыстық жауапқа тартылмайды.
Жаңа ведомство құрылады
Активтерді қайтару жұмысы құқық қорғау жүйесіндегі анағұрлым дайындығы бар институт ретінде прокуратура органдарына жүктеліп отыр.
Осыған байланысты Бас прокуратура жанынан активтерді қайтару жөніндегі жаңа ведомство құрылады. Ведомство басшысына және оның орынбасарларына "прокурор" мәртебесі беріледі. Жаңа ведомство активтерді іздестіруге және қайтаруға қатысы бар барлық мемлекеттік аппарат қызметін жұмылдырады.
Сонымен қатар, ол заңсыз алынған активтерді қайтаруға байланысты құрылатын арнайы комиссияның жұмыс органы функциясын атқарады.