АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Қостанай облысында қызылша ауруына шалдыққандар саны артып жатыр, деп хабарлайды жергілікті "Костанайские новости" порталы.
"Ақпаратқа сәйкес, соңғы он күнде науқастар саны іс екі есеге өскен. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша барлығы зертханалық тексерумен расталған 38 жағдай тіркелсе, оның 34-і Қостанайда анықталды", - деп жазылған сайтта.
Науқастар Жітіқара, Жангелді аудандарында, Рудныйда анықталып отыр.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымованың айтуынша, науқастардың жартысынан көбі екпе алмаған. Оның ішінде екпе жасына толмаған балалар (алты жағдай) вакцина алмаған, үш адамға екпе салуға медициналық тыйым бар, тағы 13 азамат вакцинадан бас тартқан. Қызылша жұқтырған 14 науқастың екпесі бар-жоғы белгісіз. Сонымен қатар вакциналанған екі адам да осы дертті жұқтырған.
Төрт жасқа дейінгі балалар және 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтар арасында науқас көбірек. Санитарлық дәрігерлер эпидемияға қарсы шаралар жүргізіп, байланыста болған адамдарды анықтап жатыр және қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді жолы вакцинация екенін еске салды.