Ұлттық банк алаяқтардың көбейгенін ескертті

Sputnik
АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтардың белсенді бола бастағанын ескертті.
Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкенінің сатып алушыларына коллекциялық монеталардың санына қойылатын шектеулерді айналып өтеді деген желеумен арнайы бағдарлама сатып алуды ұсынып жатыр.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі Қазақстан нумизматтарының тақырыптық топтарында алаяқтар "көмекші бағдарламаға" бір реттік жол ашып береміз деп, арнайы төлем жасауды ұсынады. Сөйтіп, ол бағдарлама ҚҰБ интернет-дүкенінен сатып алушылардың себетіне коллекциялық монеталарды кез келген мөлшерде автоматты түрде қосады деп сендіреді", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар коллекциялық монеталарды себетке салудағы "сәтті" операциялары бар суреттер көрсетіледі және "көмекші бағдарлама" толығымен қауіпсіз екені туралы жалған ақпарат беріледі.
"Алайда қолма-қол ақшаны алғаннан кейін, алаяқтар вирус немесе басқа да зиянды кодтардан тұратын бағдарламалық жасақтаманы ұсынады. Олардың орындалуы пайдаланушы деректерінің таралып кетуіне немесе жоғалуына әкелуі мүмкін", - деп толықтырды банк.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты Ұлттық банк сақ болуды, ҚҰБ интернет-дүкенімен жұмыс істеу барысында күмәнді бағдарламалық жасақтаманы сатып алмауды және пайдаланбауды сұрайды.
Қарағандылық полицейлер алаяқтық әрекеттің алдын алудың ерекше тәсілін ойлап тапты