Қостанайда өрт сөндіру бөлімінің мамандары мен құтқарушыларға қатысты сот өтіп жатыр

Sputnik
АСТАНА, 23 маусым - Sputnik. 22 маусымда Қостанай сотында атышулы сот процесі басталды. Бірден 15 өрт сөндірушіге айып тағылып жатыр, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Қылмыстық істегі негізгі айыпталушы тұлға – облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты басқармасының басшысы. Бауыржан Әлімбаевқа бірнеше рет қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасады және бөтеннің мүлкін жымқырды деген айып тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, ол аттестациядан өту немесе басқа қызметке ауысу үшін қарамағындағы қызметкерлерден ақша алған. Пара көлемі 30 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін жеткен. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, осылайша қызметкер жарты миллион теңгеге дейін табыс тапқан.
Әлімбаевтан бөлек бұл іске тағы 14 адам қатысып отыр. Олардың арасында аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің бірнеше басшыларымен бірге қатардағы құтқарушылар да бар. Оларға пара берді деген айып тағылып отыр.
Қазір тек Әлімбаев қамауға алынды, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қалған айыпталушылардан ешқайда шықпау туралы қолхат алынған.
Қоғам
Астанада басқарма басшысы жемқорлық жасады деген күдікке ілінді