Қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталған вайнерлерге сот үкімі шықты

Sputnik
АЛМАТЫ, 23 маусым – Sputnik. Алматының Алмалы аудандық сотында "Mudarabah Capital", "Astex" және "ACD Technology" қаржы пирамидаларын құру және басқару туралы істің фигуранттары, оның ішінде белгілі қазақстандық вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа сот үкімі шықты. Вайнерлердің әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Олар жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Блогерлер Қазақстан Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігі "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша кінәлі деп танылды. Ал Қылмыстық кодекстің 262-бабы "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу" бойынша ақталды.
Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды және басқарды, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деп айыпталған қалған сотталушыларға мынадай жаза кесілді:
Алмас Құрманғалиев – 14 жыл,
Дания Рахимова – 10 жыл,
Ержан Мансұров – 9 жыл,
Ерлан Мансұров – 9 жыл,
Руслан Бүркенов – 12 жыл,
Тимур Рүстемов – 12 жыл,
Андрей Ча – 8 жыл,
Самат Қасенов – 8 жыл
Нұрлан Сұлтанбаев – 8 жыл.
Біржан Жармұхамедов – 6 жылға сотталды.
Олар жазасын орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді.
Істің тағы екі қатысушысы – Азизжан Саидбаев пен Әділет Ораз әлі іздеуде жүр.
Айыптау актісіне сәйкес, тергеу Алмас Құрманғалиевті қаржы пирамидасының негізгі ұйымдастырушысы деп таныды. Ол 2019 жылы қаржы пирамидасын құру үшін өзіне сыбайластар іздей бастаған.
Алмас Құрманғалиевтің бірінші тапқан адамы, әрі туысы Ержан Мансұров болған. Ол әу баста "ACD Technology" ЖШС құрған. Дәл осы компания компьютер өндірісіне инвестиция тартамыз деген сылтаумен салымшылардың қаражатын бірінші болып жинаған. Олар салымшыларға 32 күн ішінде (жылына 240%) салымның 20% мөлшерінде дивиденд төлеуге уәде берген. Барлық жаңа салым компанияға бұрын жүгінген клиенттер алдындағы берешекті өтеуге жұмсалған.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бизнестің өркендеп жатқанын көріп, 2019 жылдың қарашасында сотталушылар тағы бір компания құрған. Оны Алмас Құрманғалиевтің тағы бір туысы - Ерлан Мансұров басқарған. "ASTEX.KZ" ЖШС "ACD Technology" ЖШС-ге ұқсас әрекет етті.
Келесі қаржы пирамидасы – "Mudarabah Capital" ЖШС 2020 жылы пайда болды. Оны Алмас Құрманғалиев ұйымдастырған деп есептейді тергеу. Бұлардың жарнамасын әлеуметтік желілерде вайнерлер барынша насихаттаған. Олардың қатарында белгілі қазақстандық вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов, сондай-ақ әзірге іздеуде жүрген Әзімжан Саидбаев, істің тағы бір фигуранты Әділет Ораз бар.
Сот жәбірленушілердің 1 861 752 441 теңгеден астам сомаға азаматтық талабын қанағаттандырды.