АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Астанадағы Kaspi банк бөлімшесінің қызметкерлерін кепілге алған басқыншыға қатысты тың дерек жариялады. ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзив сұхбат берген Марат Қожаевтың айтуынша қаскөйдің қолы мен денесінде жарылғыш зат болған.
Ол басқыншыменкеліссөздің қалай жүргізілгені туралы толығырақ айтып берді.
Марат Қожаевтың айтуынша, адамның аты-жөні неғұрлым тез анықталса, онымен келіссөз жүргізу де соғұрлым жеңілдеу болады.
"Біз келіссөзге басқыншының туған-туыстарын тарттық. Оны суретке түсіріп алып, шүғыл түрде деректер базасынан қарап, аты-жөнін анықтадық. Дегенмен, әуеліде ол мүлдем басқа адамның атын айтқан еді. Бізге айтқан Дилшот деген жалған есімді адаммен келіссөз жүргізген едік", - деді Марат Қожаев.
Сәл кейінірек суреттен оның нақты кім екені анықталды. Ол Жамбыл облысының Гродеково елді мекенінің тумасы Әлихан Мурадов болып шықты.
Министрлік жылдам Жамбыл облысындағы бөлімшеге хабарласып, ондағылар қаскөйдің туған-туыстарын тапқан.
"Бейбіт жолмен шешуге тырыстық. Келіссөздердің еш әсері болмағандықтан, арнаулы бөлімше әрекет етуге мәжбүр болды", - деді министрдің бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, тосын жағдай болған жағдайда Астана қалалық полиция департаментінің "Арлан" жасағы іске кіріседі.
Арнаулы жасақ өзінің штаттық кестесіне сай қаруланған. Жасақтың құрамында қатты дыбыс шығаратын граната лақтыратын маман да бар. Граната лақтырған кезде жарқ-жұрқ етіп, санаулы секундтарда қылмыскер дағдарып қалады. Ал сол уақытта шабуылдаушылар қылмыскерге жетіп, оны қарусыздандыруы тиіс.
Жасақтың ұтымды әрекетінің арқасында қылмыскер де, тұтқындағы банк қызметкерлері де зардап шеккен жоқ.
Министрлік өкілі қаскөйдің қалай қаруланғанына да тоқталып өтті.
"Басқыншыда тапаншаға ұқсас зат болды. Қолы мен денесіне қолдан жасалған жарылғыш құрылғыға ұқсас зат байлап алған. Қазіргі уақытта бұл заттар сараптамаға берілді. Олардың қаншалықты жарылғыш зат не муляж екенін сараптама анықтайды", - деді Марат Қожаев.